Пікір

Батыл қадамға бастайды

Естай Жайлыбай,

қоғам белсендісі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  алғашқы Жолдауын жария етті. Бұл Жолдаудың көңілге үміт ұялатар тұстарына тоқтала кетсем деймін. Ең алдымен, Президент «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет»  принціпін ұсынды. Әсіресе, Парламенттің толыққанды билік құрылымы ретіндегі рөлінің күшеюі, демократияға кеңінен жол ашары сөзсіз. Билік пен қоғам арасындағы сенімнің нығаюуының бір кепілі де осы болмақ. Митингілер туралы Заңды өзгерту мәселесі де қоғамда көп қозғалып жүрген еді. Шын мәнінде, азаматтардың өз пікірін ашық айта алуы, олардың ең құнды құқығынажатады. Іске асып жатса, құба-құп. Сот, құқық қорғау органдарының жұмысы көптің көңілінен шыға бермейді. Оларды реформалау, шын мәнінде халық мүддесіне қызмет етуге көшіру туралы айтылған ескертпелер де өте орынды. Мемлекет басшысы бұған дейін де еліміздің шикізат өндіруші мемлекет болып қалғанын тілге тиек еткен болатын. Жолдауда осы кемшілік тағы айтылып, индустриясы дамыған елге айналу жолдары қамтылды. Кемшін тұстар көрсетілді, шағын және орта бизнеске жақсы мүмкіншіліктер беріліп отыр. Өз кезегінде осы саладағы азаматтар елдің алға дамуына өз үлестерін қосады, заңға сай қызмет етеді деген сенімдемін. Әлеуметтік мәселелер туралы Жолдауда нақты іс-әрекеттер айтылып отыр. Білім берудің сапасын арттыру, қала мен ауылдағы оқытуды теңестіру, айлық мөлшерін көбейту, денсаулық, мәдениет, спорт салаларын жетілдіру туралы көтерілген мәселелер орындалса, елдің жағдайына оң әсер етері сөзсіз. Жолдауда аз қамтылған, көпбалалы, мұқтаж отбасыларға арналған жеңілдіктер аз емес екен. Олардың орындалуы көптеген проблемалардың шешілуіне септігін тигізіп, қоғамдағы кей текетірес пен проблемалар шешілуіне әсер етер еді. Президент Қасым-ЖомартТоқаев «Еліміз реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басты» деп жария етті. Түсінген адамға өте батыл қадам, үміт ұялатар сөз. Жолдауда айтылған көптеген жағымды жаңалықтар іс жүзінде орындалар деп сенейік. Болашағымыздың жарқын бастауы болсын, бұл Жолдау!

Басқа жаңалықтар

Back to top button